Қазақстанда 50 өнеркәсіп барлық энергия ресурстарының 40 пайызын жұмсайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 50 жетекші өнеркәсіп барлық энергия ресурстарының 40 пайызын жұмсайды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан V Халықаралық тау-кен метеллургия конгресі барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау айтты.

«Бүгінде Қазақстандағы негізінен тау-кен саласындағы жетекші 50 кәсіпорын еліміздегі барлық энергия ресурстарының шамамен 40 пайызын қолданып отыр. Тіпті бүкіл қуат көзінің 5-6 пайызын бір өзі қолданатын өнеркәсәп те бар», - деді ол. Оның айтуынша, осылай бола тұра, аталған кәсіпорындардың барлығында энергия жұмсауды 30-40 пайызға азайтуға мүмкіншіліктері бар. «Егер осы 50 кәсіпорын энергия жұмсауын 25 пайызға азайтса, елімізде энергия ресурстарын 10 пайыз үнемдеуге қол жеткізіледі. Сондықтан Үкіметте осыған қатысты заңнамаларды жетілдіруге арналған шешім қабылданған болатын. Түбегейлі өзгерістер күтіп тұрмаса да, біз алға қарай жылжып келеміз», - деді вице-министр.