Қазақстанда 505 босқын тіркелген - ІІМ

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстандағы босқындарға еңбекпен айналысу мүмкіндігі ұсынылатын болады. Бұл туралы бүгін Сенатта босқындар жағдайын заңнамалық қамтамасыз ету мәселесіне арналған дөңгелек үстел барысында Ішкі істер вице-министрі Қайрат Тыныбеков мәлім етті.

Вице-министрдің келтірген мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні Қазақстанда 505 босқын тұрып жатыр. Олардың 97-сі ауғанстандық. Сондай-ақ, Қытай, Өзбекстан, Эфиопия және тағы да басқа мемлекеттердің азаматтары босқын мәртебесін иеленген. «Олар негізінен еліміздің үш өңірінде тұрып жатыр. Атап айтсақ, Алматы қаласында - 418 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 50 адам, Алматы облысында - 37 адам», - дейді Қ. Тыныбеков.

Вице-министр Қазақстандағы босқындар жағдайын жақсартуға қатысты заңнамаға түзету енгізу мәселелерін айта келе, оның ішінде негізгі жаңалықтарға да тоқталып өтті. Айта кетерлігі, бұған дейін БҰҰ өкілдері Қазақстандағы босқындардың еңбекпен айналысуында шектеулер бар екендігін жеткізген болатын. Ал вице-министрдің пікірінше, елімізде босқындардың еңбекпен қамтылуына негізінен құжаттық кедергілер орын алып отыр. Атап айтқанда, босқын куәлігі еңбек келісімшарттарын жасауға қатысты құжаттарда айқындалмаған. Бұдан бөлек, еңбек келісімшартындағы ережелер бойынша азаматтардың әлеуметтік жеке коды көрсетілуі шарт болса, бұндай код босқындарда жоқ. Осыған орай, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссардың ұсынымдарына сәйкес, Еңбек кодексі мен басқа да заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілетіні қарастырылады. Соған сәйкес, Қазақстандағы босқындар еңбекпен айналысу мүмкіндігін иеленеді.