Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Ашық кілттер инфрақұрылымы департаментінің директоры Айдос Сүлейменов мәлім етті.
«Қазіргі таңда Қазақстанда жеке және заңды тұлғалар үшін 517513 электрондық сандық қолтаңба берілді. ЭСҚ көмегімен кез келген азамат www.egov.kz «электрондық үкімет» порталынан мемлекеттік қызметтерді ала алады. Ал заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер www.goszakup.gov.kz порталында электрондық мемлекеттік сатып алуларға қатысуға толық құқыққа ие болады», - деді ол.
«Электрондық коммерция орталығы» ЖШС Әдістеме департаментінің директоры Қуат Сұлтанның атап өтуінше, қазіргі уақытта Қазақстанда ЭСҚ беру тегін қызмет болып отыр. Мәселен, Ресейде электрондық қолтаңба беру - ақылы. Атап айтқанда, РФ Байланыс министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, электрондық қолтаңбалар беруге төленетін ақы 2 мыңнан 10 мың рубльге дейінгі аралықта.
«Ресейде ЭСҚ беру бойынша қызмет құнын төмендету турасында сөз бар. бірақ оны тегін беру жайында әңгіме қозғалып отырған жоқ. Бұл Қазақстанда бизнес үшін айтарлықтай жақсы екенін түсіну қажет. Қазіргі уақытта электрондық сатып алулар жүйесінде тегін жұмыс істеуге және электрондық сандық қолтаңбаны пайдалануға болады», - деді Қ.Сұлтан.