Қазақстанда 5G желісін тарату ауқымы қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Екі жылда 4G желісі барлық елді мекендердің 92 пайызына дейін жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
— Қазір еліміздегі ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторлары бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырады. Нәтижесінде, 4G желісі барлық елді мекеннің 92 пайызына дейін жетеді. Сонымен қатар, 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалаға енгізіліп, қалалардың 60-75% аумағын қамтитын болады. Бұдан бөлек, 40 000 шақырым автожол бойы 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба жеке инвесторды тарта отырып жүзеге асырылады, — деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, алыс және аз қоныстанған ауылдарды интернетпен қамту мәселесі спутниктік байланыс жобалары арқылы шешіліп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін басқа технологиялар жете алмаған 504 ауыл спутниктік интернетке қосылады.
— Қазір ел нарығында 3 спутниктік интернет операторы жұмыс істейді. 2027 жылға дейін нарыққа тағы 2 компания келеді деп күтіліп отыр, олардың пилоттық сынақтары 2026 жылы өтеді. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары ел аумағында Direct to cell (D2C) қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жоба ел аумағын ұялы байланыспен толықтай қамтиды. Бірінші кезеңде, 2026 жылы, SMS-хабарламалар қолжетімді болады. Одан кейін, 2027 жылы, дауыс байланысы мен деректерді беру қызметтерін көрсету жоспарланған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан спутниктік байланыс бойынша цифрлық хабқа айналып келеді, — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Астана — Арқалық» бағытында жүретін пойызда Starlink спутниктік интернеті қосылды.