Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде: «Ғылым академиясы ғылымға мүлдем қатысы жоқ адамдардан арылуы керек», - деп мәлімдеген еді.
Осыған байланысты біздің редакция министрлікке «Еңбектері плагиат, еш ғылыми жаңалығы жоқ диссертация жазған «докторлар» әшкереленді ме?», деп сауал жолдады.
Бұған ведомстводан былай жауап берді: «Жұмыс қорғауға қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде диссертациялық кеңес докторанттың отандық және халықаралық деректер базалары бойынша плагиатты пайдалануын тексеру үшін диссертацияны «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамына жібереді.
Ал орталық диссертация түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде оның мәтінін ашық қолжетімді түрде өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Кез келген ғалым танысып, оған өзінің пікірін білдіруге құқылы. Сондай-ақ ашық түрде қорғаудан өтіп, комитеттің қарауына келіп түскен диссертациялық жұмысты сараптау кеңесінің мүшелері тексереді. Сараптау кеңесінің тексеруі нәтижесінде соңғы 2 жылда 6 диссертациялық жұмыстан плагиат анықталып, докторанттар қайта қорғау құқығынан айырылды».
Қоса кетсек, қазір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер және ғылыми қызметкерлерге мемлекеттік бюджет есебінен төленетін қосымша ақы сомасын ұлғайту бойынша жұмыс жүріп жатыр.