Қазақстанда 6 мыңнан астам дәрігер тапшы - вице-министр

АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда денсаулық сақтау саласында 6 мыңнан астам маман жетіспейді.

Бұл туралы бүгін Астанада «Менеджмент саласындағы денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру: денсауылқ сақтау менеджментін дамытудың жүйелі тәсілдері» атты халықаралық конференцияда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 63 мыңнан астам дәрігер және 140 мыңға таяу медбике бар. Сонымен қатар елімізде 4,1 мың маман мен 2,6 мың дәрігер жетіспейді.  Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне қарағанда, Қазақстанда науқастардың ауруханада болу ұзақтығы Еуропаның жетекші елдері мен АҚШ-қа қарағанда 2 есе артық.

«Осы ретте олардың (автор - дәрігерлердің) кәсіби біліктілігін де арттыру маңызды. Біз бүкіл есептерімізді қайта қарастыруымыз керек. Себебі бізге саннан сапаға өтетін уақыт жетті. Бұл қазіргі уақытта министрлікте қарастырылып жатқан және жақын жылдары жүзеге асатын түйткілдердің бірі», - деді ол.

«Менеджмент саласындағы денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру: денсаулық сақтау менеджментін дамытудың жүйелі тәсілдері» атты халықаралық конференция осымен екінші жыл ұйымдастырылуда. Оның жұмысына Италия, Венгрия, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің 200-ден астам денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысуда. Іс-шара барысында денсаулық сақтау жүйесіндегі сарапшылар және менеджменттің көкейкесті мәселелері талқыланбақ. Конференция Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының менеджмент орталығымен ұйымдастырылды. Орталық мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан 1300-ге жуық денсаулық сақтау менеджері даярланды.