Қазақстанда 600 адамды алдаған күдіктілер 916 млн теңгені иемденген

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көпэпизодты интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Олардың екеуі 600-ден астам қазақстандықты алдап, 916 млн теңгені иемденген. Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.

Фото: ҚР ІІМ

Оның айтуынша, күдіктілер азаматтарды түрлі сылтаумен алдап, олардың қаражатын иемденіп отырған.

– «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көпэпизодты алаяқтыққа қатысы бар бірнеше адам ұсталды. Олардың екеуі 600-ден астам азаматтың 916 млн теңге көлеміндегі қаражатын иемденген, - деді Жандос Сүйінбай.

ІІМ мәліметінше, операция аясында киберқылмысқа қатысы бар 909 адам анықталған. Оның 12-сі – шетел азаматы. 88 күдікті қамауға алынып, 600-ден астам адамға бұлтартпау шарасы қолданылған.

Айта кетейік, Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келетін шығын 20 млрд теңгеге жеткені хабарланған болатын.