Еліміздегі қолөнершілердің басын қосқан іргелі ұйымдардың бірі – 2012 жылы құрылған Қазақстан қолөнершілер одағы. Бүгінде ұйым республика бойынша 650-ден астам шебердің шығармашылық бастамаларын қолдап келеді.
– Ұлттық қолөнерді сақтап, дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасын ұсынды. Бұл бастама қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетуді, олардың тәжірибесін жас буынға жеткізуді және ұлттық қолөнердің озық үлгілерін кеңінен насихаттауды көздейді, – делінген хабарламада.
Жоба 15 шілдеде басталады.
Қазақстан қолөнершілер одағы құрылғаннан бері «Шебер» республикалық қолөнершілер байқауы 12 рет өткізіліп, ондаған көрме, фестиваль, оқыту семинарлары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Осы бастамалар аясында жүздеген шебер мен жас маман киіз басу, керамика, зергерлік өнер, ағаш ою, кесте тігу және ұлттық қолөнердің өзге де түрлері бойынша білімін жетілдірді.
Қазақстандық шеберлер АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Қытай, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдерде өткен халықаралық көрмелер мен фестивальдерге қатысып, ұлттық қолөнерді әлемдік деңгейде танытып келеді.
Кейінгі жылдары Қазақстан қолөнершілер одағы Британ кеңесі, Смитсон халық шығармашылығы және мәдени мұра орталығы, Дүниежүзілік қолөнер кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асырды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде дәріптеуге ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстанның шетелдегі мәдениет күндері аясында Тәжікстан мен Қатарда қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. 2026 жылы отандық шеберлер Армения, Әзербайжан және Өзбекстанда өткен халықаралық фестивальдерге қатысты.
Бұдан бөлек, маусым айында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» жанынан өңірлердегі креативті бастамаларды қолдауға арналған Creative Aimaq жобасы іске қосылды. Бұл жобаға қолөнер шеберлері де қатысып келеді.
2023 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қолөнершілер орталығы жұмыс істейді. Орталық қолөнер бұйымдарын көпшілікке таныстырып, шеберлік сабақтарын ұйымдастыратын мәдени алаңға айналды.
Ұлттық қолөнерді әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік берген маңызды бастамалардың бірі – 2025 жылы өткен ALA CRAFT халықаралық фестивалі. Сол жылы Алматыға музыкалық аспап жасау және зергерлік өнер бағыттары бойынша Дүниежүзілік қолөнер қаласы мәртебесі берілді.
2026 жылғы наурыз айында Алматыда «Nomadic Art: Дала мәдениетінің жаһандық келбеті» халықаралық фестивалі өтті. Оның аясында ғылыми-тәжірибелік конференция, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері және этностильдегі киім топтамаларының көрсетілімдері ұйымдастырылды.