Қазақстанда 7 мыңға жуық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Заң жобасының негізгі мақсаты бизнес қатысатын экономика салаларына мемлекеттің қатысуы үлесін шектеу үшін құқықтық негіздерді бекіту болып табылады. Осы арқылы мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнама жетілдіріледі. Құжат нормаларына сәйкес, жаңа мемлекеттік кәсіпорындар мен еншілес компаниялар құруға қатаң шектеу енгізіледі. Анықталған қағидаттарға қарамастан, құрылған мемлекеттік компаниялар жекешелендіріліп, монополияларға қарсы органды күшейту қарастырылады. Бұған байланысты заң жобасында монополияға қарсы органның тауарлы нарықтарын бәсекелестік ортаға беру үшін қызмет түрлерін және мемлекеттік компанияларды анықтау тұрғысында жыл сайынғы талдау жүргізуді бекітетін норма енгізіледі. Сонымен қатар арнайы талдау жасалып, соның нәтижесінде Үкіметке бәсекелестік ортаға берілетін мемлекеттік компаниялардың және қызмет түрлерінің тізбесі жолданады. «Бүгінгі таңда бізде мемлекеттік секторда шамамен 7 мың кәсіпорын бар. Олар: «Самұрық-Қазына» және басқа да ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың құрамына кіретін квазимемлекеттік кәсіпорындар, республикалық және муниципальді кәсіпорындар. Олардың саны жоғары, соңғы жылдары олардың санының артуы байқалып келеді», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-миинстрі Тимур Жақсылықов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.