Қазақстанда 7 жылда аналар өлімі 3 есеге төмендеді - Г. Әбдіхалықова

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2007 жылдан бері Қазақстанда аналар өлімі 3 есеге, ал 2008 жылдан бері нәрестелердің өлім-жітімі 1,5 есеге азайды. Бұл туралы бүгін VII Астана экономикалық форумы аясында өткен «G-Global: Жаңа экономикадағы әйелдердің рөлі» атты халықаралық әйелдер конференциясында ҚР Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

«Отбасының денсаулығын сақтау - бірінші кезекте аналар мен балалардың саулығы. Отандық денсаулық сақтау жүйесінің басымдығы да осыған бағытталған. Біз соңғы жылдары ана мен баланың өлім-жітімін кеміту бойынша біршама үлкен жетістіктерге жеттік. 2007 жылдан бері Қазақстанда аналар өлімі 3 есеге, ал 2008 жылдан бері нәрестелердің өлім-жітімі 1,5 есеге азайды», - деп атап өтті Г.Әбдіхалықова.

Дегенмен, Премьер-Министрдің орынбасары хабарлағанындай, бұл көрсеткішті одан әрі төмендетуге қыруар жұмыстар атқарылуы тиіс. Осы мақсатта Қазақстанда ана мен баланың денсаулығын тексеруді жүйелі бағытқа қою, сондай-ақ дертті алдын алу шаралары жүргізіледі.