Елімізде 73 мыңға жуық адам сирек кездесетін ауруға шалдыққан

Фото: ҚР ПІБ

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Халықаралық сирек кездесетін аурулар күні атап өтіледі. Бұл күн сирек диагнозы бар адамдарға қолдау көрсету және қоғамның назарын орфандық ауруларға аудару мақсатында өткізіледі, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Қазақстанда сирек кездесетін аурулары бар шамамен 73 мың пациент тіркелген, оның ішінде 14 мыңға жуығы — балалар.

Денсаулық сақтау саласында орфандық аурулары бар науқастарға медициналық көмектің кешенді жүйесі қалыптасып келеді. Ерте анықтау, дәл диагностика, мамандандырылған емдеу және ұзақ мерзімді бақылау тетіктері жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар пациенттерді маршруттау жүйесі жаңартылып, мультидисциплинарлық көмек моделі енгізіліп келеді.

— Соңғы жылдары орфандық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы айтарлықтай артты. 2019 жылы бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы 175,4 млрд теңге бағытталды. Қазіргі таңда дәрі-дәрмек шығындарының 60%-ы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Қосымша қаражат жергілікті бюджеттер мен «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры арқылы қарастырылады. Орфандық аурулар пациенттердің жалпы санының 3%-дан азын құрағанымен, амбулаториялық дәрі-дәрмек шығындарының жартысына жуығы осы санатқа тиесілі, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ орфандық препараттарды бағалаудың үш сатылы жүйесі енгізіліп жатыр. Ол клиникалық тиімділік, қауіпсіздік және фармакоэкономикалық негізділік талаптарына сүйенеді.

2025 жылы медициналық ақпараттық жүйелермен біріктірілген «Орфандық аурулар» цифрлық модулі іске қосылды. Бұл пациенттердің қажеттіліктерін нақты бағалап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Министрлік орфандық аурулары бар азаматтарды қолдау жүйесін ашықтық, жауапкершілік және әділдік қағидаттары негізінде одан әрі жетілдіруді жалғастырады.

Осыдан бұрын қызылша бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешенін кеңейткенін жаздық.