Қазақстанда 8 айдағы ЖІӨ 7,9 пайызға өсті - Статистика

АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларындағы еліміздің жалпы ішкі өнімі 7,9 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Есептік мәліметтер бойынша, яғни 8 айдың ішінде ЖІӨ 7,9 пайызға өсті», - деді ол.

Сондай-ақ ол 2010 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 пайызды құрап отырғандығын атап өтті.

Қарастырылып отырған кезеңдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 8 трлн. 431 млрд. теңгені құрады. Бұл 2009 жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артық.