«Экологиялық мониторинг қорытындысы бойынша 8 қалада ауаның ластануы жоғары деңгейге жатқызылды. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен», - деді ведомство өкілі.
Оның айтуына қарағанда, ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады. Мәселен, Алматы және Астана қалаларында ластанудың негізгі көзі – жылу көздері мен автокөліктер, жеке сектор.
Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі.
Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары жоғары ластануға себеп болып отыр.
Өңірлердің экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жол картасы аясында 2025 жылға бірқатар көрсеткішке қол жеткізілмек.
«Атап айтқанда, 8 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендету; 7 жаңа кәріз-тазарту құрылғысын салып, 12 ескі кәріз-тазарту құрылғысын жаңарту; 24 жаңа полигон салып, толып жатқан 5 полигонды қалпына келтіру және жою», - деді Айдар Абдуалиев.