Қазақстанда 8 млн-нан астам медициналық анықтама электронды түрде рәсімделді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда медициналық құжаттарды цифрландыру қарқын алып келеді. Жылдың басынан бері 8 млн-нан астам медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы электронды форматта рәсімделді. Бұл туралы ДСМ мәлім етті.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Биыл Қазақстанда медициналық құжаттар мен көрсетілетін қызметтерді цифрландыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Жыл басынан бері электрондық форматта 8 095 396 медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, сондай-ақ психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттарын қоса алғанда, диспансерлік есеп бойынша 5 698 396 анықтама қалыптастырылды.

— Электрондық медициналық құжаттар медициналық тексеруден өту, дәрігерлік комиссиялардың қорытындыларын алу, еңбекке уақытша жарамсыздықты ресімдеу, мүгедектікті белгілеу рәсімдерінен өту, санаторийлік-курорттық ем алу, балаларға арналған медициналық құжаттарды ресімдеу, жұмысқа орналасу кезінде, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен басқа да ақпараттық жүйелерге мәліметтер ұсыну барысында пайдаланылады, — делінген хабарламада.

№ 073/е нысанындағы электрондық анықтамалар санының айтарлықтай өскені де атап өтіледі. 2026 жылғы маусымда 36 994 анықтама ресімделсе, шілдеде олардың саны 84 720-ға жетіп, бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 129%-ға артты. Тамыз айында ресімделген анықтамалардың саны 147 522-ні құрап, шілде айымен салыстырғанда тағы 74%-ға өсті.

№ 073/е нысанындағы электрондық анықтамалар санының өсуіне, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тарапынан 65 жастағы және одан асқан адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға қатысты бақылаудың күшеюі себеп болды. Бұл санаттағы азаматтар медициналық тексеруден екі жылда бір рет өтуі тиіс.

Медициналық құжаттарды цифрландыру медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және қағаз құжат айналымын қысқартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, электрондық формат азаматтардың, медициналық ұйымдардың және мемлекеттік ақпараттық жүйелердің арасындағы өзара іс-қимылды барынша жедел әрі ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, енді электрондық жеке медициналық кітапша барлық адамға қолжетімді.