Қазақстанда 8 жылда теңіз флоты 2,7 есеге артты

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2005 жылдан бастап шағын өлшемді флот саны 70 %-ға өсіп, 28,5 мың бірлікті құраса, теңіз флотының саны 2,7 есеге артып, 298 бірлікті құрап отыр. Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.

ҚР ККМ КБК Су көлігіндегі бақылау басқармасының жетекшісі Арлан Закарьяновтың айтуынша, флот санын арттыру - су көлігіндегі қауіпсіздікті қамсыздандыру бойынша шараларды күшейтуді талап етеді. Осылайша, ағымдағы жылда осы салада 1061 әкімшілік бұзушылық анықталып (2012 жылы - 722), кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Жуырда біз 2013 жылдың навигация кезеңінде кеме қатынасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кеңес өткіздік. Көлікті бақылау комитетінің аумақтық органдарына мұз толығымен ерігенге дейін кемелерді пайдалануға алмау үшін, әсіресе күз және көктем айларында су қоймасын бақылауды күшейтуге тапсырма берілді», - деп белгіледі Арлан Закарьянов.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 298 теңіз, 819 өзен және 28583 шағын өлшемді кемелер тіркелген. Шағын өлшемді су көлігі категориясына гидроциклдар, моторлы қайықтар, еспелі қайықтар, байдаркалар, үрлемелі қайықтар мен катамарандар, сонымен қатар желкенді кемелер жатады.