Қазақстанда 95 кәсіпорында еңбек дауы қаралып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде кәсіпорындардағы еңбек жағдайына мониторинг жүргізіліп жатыр. Ол туралы толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов айтып берді.
- Биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша республикадағы әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары 1,8 мың кәсіпорын мониторингіге енгізілді. Әрбір «жоғары тәуекелді» кәсіпорын бойынша әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында министрлік тарапынан нысаналы алдын алу жұмысы атқарылып жатыр, - деді Мейрамбек Ахметов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Еңбек инспекциясы комитеті төрағасының айтуынша, мониторинг іске қосылғалы бері 100 мыңнан астам жұмысшыны еңбекпен қамтып отырған 3,2 мың кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылған.
- Жыл басынан бері кешенді шараны іске асырудың нәтижесінде 55 ұжымдық еңбек дауы шешілді. Бүгінде 95 кәсіпорында жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді спикер.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Маңғыстау облысында 3 және одан да көп сағатқа жұмысты тоқтатқан 11 жұмысшылар ереуілі болғанын айтты.
- Қазір барлық ереуіл реттелді, - деп түйіндеді М.Ахметов.
Айта кетсек, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметі бойынша көбіне тау-кен металлургия саласында еңбек ететін жандар жұмыс орнында жарақат алады екен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігін сақтамаған жұмыс берушілерге 428 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Сондай-ақ брифинг барысында жұмысшылар алдында жалақы қарызы көп өңірлер аталды.