Қазақстанда 953 сауда базары жұмыс жасайды

None
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан базарларындағы  сауда орындарының жалпы саны 175,1 мың дананы құрайды. Онда 164,4 мың адам жұмыс жасайды. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстанның сауда кәсіпорындарының І конгресінде  айтылды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның базарлар мен  сауда және қызмет саласындағы кәсіпорындар қауымдастығының президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, статистика бойынша  республикада 953 сауда базарлары жұмыс жасайды.  Олар түрі бойынша - әмбебап, көтерме, шағын-көтерме, бөлшек сауда деп бөлінеді. Оның 478-і әмбебап, 116-сы азық-түліктік, 178-і азық-түліктік емес,   181-і мамандандырылған базарлар. Бөлшек сауда айналымы көлеміндегі жеке кәсіпкерлердің үлесі 22,3 пайызды құрайды.

«Қазақстан нарығындағы ұйымдасқан ритейл әрқиылы көздерде 5 пен 10 пайыздың аралығында. Жалпы ішкі өнімдегі бөлшек сауданың үлесі 15 пайызға жуықтайды. Былтыр әрбір тұрғынға шаққанда бөлшек сауда 1 мың долларды құраған болатын. Биыл алғашқы тоқсанда ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеді. Жалпы  ұлттық тауар айналымының 50 пайызға жуығы Астана мен Алматы қалаларының үлесіне тиеді», дейді Жібек Әжібаева.