Қазақстанда адам құқықтарын көбінесе жекелеген шенеуніктер бұзады - Асқар Шәкіров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда адам құқықтарын көбінесе жекелеген шенеуніктер бұзады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл (Омбудсмен) Асқар Шәкіров мәлім етті.

«Адам құқықтарын көбінесе жекелеген шенеуніктер бұзады. Бұндай жағдайлар кез келген саладағы күнделікті қызметте орын алады. Сондықтан да бес институционалды реформаларда маңызды аспектілердің бірі мемлекеттік аппаратты жетілдіру болып табылады. Ол мемлекет алдында тұрған міндеттерді алға жылжытуды тиісті деңгейде қамтамасыз етуге қауқарлы. Оның ішінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену қамтылып отыр», - деді Шәкіров тілшілер сауалына жауап беру кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде мемлекеттік қызметтерді ұсынбау, рәсімдерді бұзу, сондай-ақ немқұрайлылық пен әуре-сарсаңға салу фактілері, лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі туралы хабарлар Омбудсмен мекемесіне азаматтардан келіп түсетін шағымдарының арасында 14 пайызын құрап отыр. Сонымен бірге азаматтар өздерінің арыздарында көбінесе нақты заңнамалар мен халықаралық құжаттар аясындағы құқықтары тапталғандығын атап көрсетеді екен.

«Алайда, жеке лауазымды тұлғалар, яғни бәрінен бұрын жергілікті деңгейдегілер адамдардың сауалдары мен проблемаларына дәйекті, нақты жауапты ұсынудың қажеттігін елеймейтіндігі жиі кездеседі», - деп түйіндеді Шәкіров.