Қазақстанда адам құқықтарын қорғауға бағытталған «Азаматтық іс-қимыл» орталығы өз қызметін бастады

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Желтоқсанның 10-ы - Адам құқығы күніне орай, Қазақстанда «Азаматтық іс-қимыл»  атты бірыңғай құқықтық қорғау орталығы өз жұмысын бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталықтың басты мақсаты - қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, адамдардың құқықтарын заң аясында қорғау, азаматтар мен ұйымдардың көзқарастарының және басымдықтарының сақталуына жәрдем беру.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, Қазақстан Республикасы өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік бағытталған ел деп жариялады. Мемлекеттің осы бір басымдықтарын орындау бұл тек үкіметтік органдардың жұмысы емес, сонымен қатар азаматтық қоғам институттарының және қазақстандықтардың міндеті», дейді орталықтың құрылуына бастамашы болған «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық ұйымының президенті Зәуреш Батталова.

 З. Батталованың айтуынша, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау заңнамасы барлық халықаралық пактілер мен заңдарға сәйкес келмейді, тіпті қарама-қайшы тұстары бар. Адамдардың құқықтары мен еркіндігін қамтамасыз ету және қорғау саласында Қазақстан БҰҰ мен ЕҚЫҰ ұйымдары шеңберінде қабылдаған құжаттар аясындағы міндеттемелерді іс жүзінде орындамауда. Мемлекеттік құқық қорғау органдары болса, адамдардың кепіл етілген заңдық құқықтарын тиісті деңгейде қорғай алмай отыр.

Орталық осы мәселелерді ескере отырып, адам құқықтары өрескел бұзылған оқиғалар мен істердің шешілуіне көмек көрсетіп, шағымдарды халықаралық ұйымдарға жолдап отыратын болады. Орталыққа қазірдің өзінде азаматтар тарапынан құқықтары бұзылғандығы жөнінде бірнеше арыз-шағымдар келіп түскен.

Еске сала кетейік, бүгін Женевада Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Мәдина Жарбосынованың басшылығымен Қазақстанның ведомствоаралық делегациясы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде 2009-2012 жылдардағы еліміздің Адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимылдар жоспарының таныстыру рәсімін өткізуде. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі еліміздің құқық қорғау саласында өз міндеттемелерін орындау мәселелеріне тұрақты шолу жасайды.