Қазақстанда адам құқықтарын сақтау мен қорғаудың ұлттық жүйесі қалыптасты - Қ.Сұлтанов

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Қазақстанда адам құқықтарын сақтау мен қорғаудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Бұл туралы бүгін «2012 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мигранттар құқықтарының ахуалы туралы» баяндамаларының халықаралық тұсаукесерінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов мәлім етті.

«Адам құқығы - Қазақстанның басым бағыты, жоғары құндылығы. Қазақ халқы ежелден халықтық демократияны ұстанған. Адамның құқықтары мен бостандықтарын жоғары құрметтеп, бұл тетіктерді ел басқарудағы үрдістерде, ішкі және сыртқы саясатта асқан шеберлікпен қолдана білген. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, сақтау мен қорғауға міндеттеме алып, БҰҰ-ның құқығына қатынасты 60-тан астам халықаралық келісімшарттарын ратификациялады. Қазіргі кезде Қазақстанда адам құқықтарын сақтау мен қорғаудың ұлттық жүйесі қалыптасты», - деді ол.

Оның пайымынша, осы жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия еліміздегі адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктерін жетілдіре түсуде өз үлесін қосып келеді. ҚР Президенті мақұлдаған комиссия баяндамаларында Қазақстандағы адам құқықтарының, мұнымен қоса еңбек мигранттары құқықтарының сақталуына жан-жақты талдау жүргізіліп, ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын халықаралық стандарттарға сәйкес одан әрі жетілдіруге қатысты нақты ұсынымдар берілген.