Осының барлығы мемлекетте жүрігізіліп отырған саясаттың дұрыстығын аңғартады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы мен Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Одақ арасындағы құрылымданған диалог барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры Бану Нұрғазиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Диалог барысында шетелдік қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген директордың айтуынша, елімізде митингілер мен шерулер өткізу үшін Астанадан екі, Алматыдан бір орын берілген. «Жағдайдың бұлайша қалыптасуы қалың көпшіліктің қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Әдетте, бір адамның құқығы кеңейген жерде екінші адамның құқығы шектеледі. Ал Алматы мен Астана халықтың өте көп шоғырланған жері. Осыған орай онда көлік қозғалысының да адамдардың да жүріп тұруы көп. Сондықтан қаланың кез-келген аймағын шеру алаңына айналдыра беруге болмайды. Ал Алматыда берілген жер адамдардың көп жиналатын жерінде әрі көлік қимылынан қауіпсіздеу, жақсы жерде орналасқан. Сондықтан бұл бағытта елімізде алаңдайтындай ештеңе жоқ» деді департамент директоры.
Оның сөзіне қарағанда, ешбір мемлекетте жиынды «қайда және қай жерде өткізсем де өзім білем» деген принципке жол берілмейді. Сондықтан қазақстандағы митингілер мен жиындарды ұйымдастыруға жасалып отырған мүмкіндіктер халықаралық талаптарға сай деуге болады. «Бізде үкіметтік емес ұйымдарға қатысты мәселелер де оң шешімін тапқан. Ағымдағы жыл басындағы мәліметтер бойынша республикада 25 мың ұйым тіркелген болса, олардың 17 мыңы үкіметтік емес ұйымдар. Ал олардың арасында мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеймін деушілерге ешқандай да шектеу қойылып отырған жоқ» деді Б.Нұрғазиева.