Қазақстанда адамдарға несиелерін жауып беруді уәде еткен қаржы пирамидасы анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда адамдарға несиелерін жауып беруді уәде еткен қаржы пирамидасы анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі «ҚазАқпарат» тілшісінің ресми сауалына берген жауабында жария етті.

2016 жылы 14 қыркүйек күні мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу қызметі Р. А. Зиатдиновқа, И. А. Зиатдиновқа, Р.Ф. Ахмадулинге, Д.С. Ксенофонтовқа, А. Черненкоға  және  И.О.Тұрсынбаевға қатысты қозғалған қылмыстық істі сотқа жолдаған. Тергеу барысында анықталғанындай, 2014 жылы тамыз айында Р.А. Зиатдинов қаржы  пирамидасын құрып, азаматтардан қаражат жымқыру мақсатында Ресей азаматтары И.А. Зиатдиновпен , Р.Ф, Ахмадуллинмен және Д.С. Ксенофонтовпен бірге келісім жасайды.

Арам ойларын жүзеге асыру үшін «ФинСтатус» ЖШС атты компания құрады. Сонан соң, клиенттерді жинау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама жібереді.

«Өз клиенттерінің санын арттыру үшін олар өзге де тұлғаларды тартқан. Оның ішінде франшизаларды ұсыну арқылы мейлінше белсенді делдалдар да болған. Оларға «ФинСтатус» ЖШС атынан сөйлеуге, клиенттерді тартуға, келісім жасасуға мүмкіндік берілген, олар бұл қызметтері үшін әрбір клиенттен «ФинСтатус» компаниясының есепшотына аударылған қаражаттардың 5-15 пайызын алып отырған. Осылайша, «ФинСтатус» ЖШС филиалдары Қазақстанның Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Екібастұз, Ақтау, Жаңаөзен, Павлодар, Өскемен, Семей,  Тараз сынды негізгі қалаларында ашылған», - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

«ФинСтатус» компаниясы екінші деңгейлі банктерде несиелері бар азаматтардан аталмыш қарызды толық жауып беруге уәде беріп, несиенің 40 пайызына тең келетін соманы алып отырған. Дегенмен ол бұл міндеттемені орындауға мүмкіндік беретін ешқандай коммерциялық қызметпен айналыспаған. Үздіксіз түсіп отырған қаражаттың жартысын қылмыстық топ мүшелері компания есепшотынан шешіп, өздерінің жеке мұқтаждықтарына пайдаланып келген. Жартысын клиенттердің ай сайынғы несиелерін жауып отырыпты. Осылайша, олар өз міндеттемелерін орындаған сыңай танытып келген.

Сот-экономикалық сараптамасы бойынша, 2014 жылдың желтоқсан айынан 2016 жылдың 10 ақпаны аралығында «ФинСтатус» компаниясы 1824 келісімшарт жасасқан. Оның 1720 келісімшарты бойынша, 638 039 409 теңге сомасында қаражат алынған.