Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин мәлім етті.
«Қазіргі кезде АЭС-тің құрылысы бойынша екі жер қарастырылып отыр, яғни бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Балқаш ЖЭС алаңында орналастыру ескерілген. Бұл бұрынғы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік өңірлік электр стансасының алаңы. Қазіргі кезде ол жерде ЖЭС салынып жатыр»,-деді Т. Жантикин.
Бастапқыда сараптамалық топ АЭС-ті орналастырудың бірнеше нұсқасын қарастырып, осыдан кейін үкіметтік комиссияда стансаның құрылысына 3 алаң іріктелді. Атап айтқанда, Ақтау, Балқаш және Шығыс Қазақстан өңіріне екпін қойылды.
«Қазіргі кезде Ақтау бұл тізімнен шығарылды, енді екі алаң қалды. Бүгінде нақты шешім қабылданған жоқ»,-деп түйді ол.