Қазақстанда АЭС-тің радиоактивті қалдықтары қайда жөнелтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов АЭС-тің пайдаланылған отын элементтерін кәдеге жаратуға қатысты пікір айтты. 

Фото: Кайрат Зайнишев/Kazinform

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеге қатысты алдағы уақытта нақты шешім жасау керек.

— Бұл мәселе әлі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Заң жобасында қалдықтарды көму орындары қарастырылған. Пайдаланылған ядролық отынға қатысты әлемдік тәжірибені зерттеп жатырмыз, өйткені осыған қатысты құқықтық тәжірибе шетелде әртүрлі қолданылып жүр. Мысалы, Финляндияда терең биологиялық қоймалар салынып жатыр. АҚШ-та ядролық реакторлардың көптігіне қарамастан, пайдаланылған ядролық отын әлі де станциялардың жанында, атом электр станцияларының аумағында сақталады. Ядролық реактор жұмыс істеген кезде, уранның бәрі жанып кетпейді. Оны терең өңдесе, қайта пайдалануға мүмкіндік бар, — деді Әсет Махамбетов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен іліспе екі құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Осы орайда елде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Ұлттық оператор институтын құру ескерілген.