Қазақстанда АЭС-тың ІІІ немесе ІІІ+ буындарын салу мүмкіндіктері қарастырылуда - Қайрат Қадыржанов
«29-маусымда Үкімет қаулысымен «Қазақстанның 2011-2020 жылдардағы атом саласын дамыту бағдарламасы» мақұлданды. Оның басты мақсаты - атом саласын одан ары дамыту және ұзақ мерзімді келешекте елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атом энергетикасының негізін қалау. Бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру - атом энергетикасын, атом энергетикасының негізі мен атом саласындағы ғылымды дамытуға және халық денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау міндеттерін шешуге мүмкіндік береді», - дейді ҚР Ұлттық ядролық орталығының Бас директоры Қайрат Қадыржанов.
Оның айтуынша, бұл бағдарламада Қазақстанда атом электр станцияларының ІІІ немесе ІІІ+ буындарын салу мүмкіндіктері қарастырылуда. Онда реакторларды орнатуда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан және жобадағы төтенше жағдайлардың туындауын барынша болдырмауда өлшенген шешімдер қажет. Атом энергетикасының қауіпсіз дамуы ядролық технологияны дамытуға және әлемдегі Қазақстанның бәсекелестік мәртебесін көтеруде ғылыми, технологиялық және кадрлық базаны жетілдіруге негіз құруға мүмкіндік береді.
«Энергетиканың болашағы бүкіл әлемде атом энегертикасымен, сутегі энергетикасы және жел энергиясы, әлемдік мұхиттар мен күн сияқты басқа да дәстүрлі емес көздермен байланыстырылады. Қазіргі таңда дәстүрлі емес энергетика көздері дәстүрлі энергия көздерін алмастыратын ірі көлемдегі энерготехнологиялар ретінде қарастырылып жатқанын атап өту керек. Әлем ғалымдары 50 жылдан астам уақыттан бері термоядролық синтезді басқару мәселесін шешуде. Бұл саладағы зерттеулер әлі аяқталудан алыс. Адамзат үшін болашақта энергия алуда атом энергетикасын қолданудан басқа балама жоқ», - деді Қ. Камалұлы.