Қазақстанда агротуризмді дамыту моделі әзірленеді
«Осы айда Қазақстанда агротуризмді дамыту моделін әзірлеу бойынша далалық зерттеу жұмыстарын бастаймыз. Осы жұмыс аясында туризмнің осынау әлеуеті зор саласын дамытуға қатысты оңтайлы амал-әдістер ұсынылады. Алматы, Ақмола, Түркістан облыстарында қазір бұл саланы байытатын шаруашылық түрлері өте көп. Мәселен ара шаруашылығы, бақтар, үлкен фермалар негізінде өте көрікті туристік өнімдерді шығаруға болады», - деді Ержан Еркінбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Компания басшысы дәл осындай зерттеу жұмыстары шипажайлық-курорттық нысандарда да жүргізілетінін атап өтті. Осылайша, елдегі курорттарды танымал ете түсер ұсыныстар әзірленбек.
«Қазіргі уақытта елде 145 шипажайлық-курорттық нысан бар. Бірақ, өкінішке қарай олардың жұмыс реті советтік кезеңді еске түсіреді. Қызмет сапасы дами қоймаған. Қазіргі уақытта осы саладағы түйткілді мәселелерді зерттеп, шетелден сұранысты арттырғымыз келеді», - деді ол.