Қазақстанда АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі әлі тоқтатылған жоқ - Энергетика министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда АИ-80 маркалы бензиннің өндірісін тоқтату туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.

«АИ-80 маркалы бензинді қолдану көлемі техникалық стандарттардың жоғарылауына байланысты төмендей береді. Әзірге ешқандай шешім шығарылған жоқ, бензиннің бұрынғы бағасы - литріне 89 теңге деңгейінде сақталуда», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, аталған бензин маркасын отандық жанар-жағармай құю стансаларында табу қиын.

Есте болса, бұның алдында бірқатар БАҚ-та «Қазақстанда 2016 жылдан бастап, АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі тоқтатылады» деген ақпарат тараған болатын.  Себебі Кедендік одақ елдері еуро-4 стандарттарына көшеді деген жоспар жасалған еді.