Адам иммунитеті тапшылығы вирусына (АИТВ) байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу туралы мемлекеттің кепілдіктері еліміздің Конституциясында және «Халық денсаулығы туралы» кодексте заңнамалық деңгейде бекітілген. Елімізде ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы да іске асырылып жатыр. Ол АИТВ инфекциясына байланысты алдын алуды, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92 пайызы өздерінің мәртебесін біледі. Олардың 77 пайызы антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдайды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87 пайызында вирустық жүктеме басыңқы.
«Өкінішке орай кемсітушіліктің кез келген түрін әлі де кездестіреміз. Осы кемсітушілік жойылған жағдайда АИТВ инфекциясы эпидемиясының өсу қарқыны едәуір азаяр еді. Сол себепті де айтулы даталардың пайдасы көп. Біз стигмаға барынша көңіл бөле отырып, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың мүмкіндігін арттырамыз, олардың ем ала отырып, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға септігімізді тигіземіз», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық ЖИТС орталығы директорының орынбасары Салтанат Мусина.
Салтанат Мусинаның айтуынша, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға жан-жақты қолдау көрсету олардың өмірге деген сенімділігін туғызады. Осы бағытта қалалық ЖИТС орталығы 2021-2023 жылдарға арналған АИТВ компоненті бойынша Жаһандық қордың грантын алды. Грант аясында алдын алу қызметтерін, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға күтім мен қолдау көрсететін 3 үкіметтік емес ұйыммен жұмыс жүргізіледі.