Қазақстанда ақауы бар жаңа автокөліктерге қатысты проблемалар қалай шешіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта автокөлік сатып алуға қатысты тұтынушылар тарапынан түскен шағымдар жиілеп, бірнеше резонансты жағдай әділ шешілді, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Алматы қаласында бірқатар тұрғын жаңа көліктеріндегі ақауларға байланысты департаментке жүгінген. Ведомство өкілдері автосалондармен келіссөз жүргізіп, тұтынушылардың құқығын қорғауға шара қолданғанын мәлімдеді.
Бір алматылық тұрғын қозғалтқыштағы күрделі ақауды байқағанын айтып, заңгерден кеңес алғаннан кейін автосалон көліктің толық құнын – 6,99 млн теңгені қайтарған. Департамент мамандары екінші жағдайда беріліс қорабындағы ақау, артқы камераның істемеуі және жанармай багы қақпағының ашылмауына байланысты тұтынушыға 14,9 млн теңге өтелгенін атап өтті.
Үшінші автокөлік иесі де беріліс қорабындағы ақауға байланысты жүгінген, нәтижесінде оған 13,9 млн теңге қайтарылған.
Шымкентте электромобиль иесі көліктің жүріс қоры өндірушінің параметрлеріне сәйкес келмейтінін мәлімдеп, батареяның бұрын қолданылған болуы мүмкін деген күмән келтірген. Мәселе мамандардың араласуымен шешіліп, сатушы тұтынушыға 21 млн теңгені қайтаруға келісім берген.
Ұлытау өңірінде жаңа автокөліктің қозғалтқышы мен кондиционер жүйесінде ақау бар екені анықталған. Түсіндіру және келіссөздерден кейін автосалон көлікті толықтай жаңа автокөлікке ауыстырғанын хабарлады. Оның құны – 9,09 млн теңге.
Министрлік өкілдері бұл мысалдар ақауы бар автокөлік сатып алған жағдайда тұтынушылардың құқығы тиімді қорғалуы мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, ақауы бар жаңа көлікті қайтарып беруге кедергі келтіретін норма жойылады.