Қазақстанда әкелер балаларына 2 млрд. теңге қарыз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде алименттер бойынша қарыз 2 млрд. теңгеге жуықтады.

Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті.

Үйлестіру кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Бас прокурор алименттерді өндіріп алу үлкен проблемаға айналғандығын атап өтті. 

«Елімізде 5 милионнан астам бала бар. Бұл халықтың үштен бір бөлігі. Балалар үйінде 32 мың жетім бала тіркелген, олардың 70%-ның ата-аналары бар. 350 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Бүгінгі күні алименттер бойынша қарыз 1,8 млрд. теңгені құрып отыр. Сараң әкелер, алименттер төлегісі келмегендіктен, өз балаларынан жасырынады. Табыстарын төмендетіп көрсетеді», - деді Ж. Асанов.

Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, алимент төлемеушілердің басым бөлігі - бұл табысы бар және саналы түрде төлеуден қашқақтайтын адамдар көрінеді.

«Жағдайдың себептері жалпыға белгілі. Төлемеушілер арасында, әлеуметке жат өмір салтын ұстанатын адамдар - маскүнемдер, нашақорлар, тұрақты мекен жайлары жоқ азаматтар. Борышкерлердің басым дені, әсіресе ауылдық жерлердегі борышкерлер - жұмыссыздар» - деп атап өтті. - Дегенмен, көпшілігі - табыстары бар адамдар. Олар саналы түрде алимент төлеуден жалтарып, еңбек құжаттарын ресімдемей, жалақыны «жасырын түрде» қолма-қол алып, табыстарын төмендетіп көрсетеді. Кейбіреулері барынша алимент төлемеуге тырысады. Тіпті өз баласы мен әйелінің өміріне де қауіп төндіруден тартынбайды. Орал қаласындағы 70 жасар кәсіпкер алимент төлегісі келмей, өзінің 8 жасар қызы мен бұрынғы азаматтық некедегі әйелін өлтіру үшін киллерге 5 мың доллар төлеген. Полиция қылмыстың алдын алды, ашкөз әке мен оның сыбайласы 15 жылға сотталды».