Оның айтуына қарағанда, бұл бүгінгі күні әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан технологиялардың бірі.
«International Data Corporation-ның зерттеулерінің мәліметтеріне қарағанда, сақталатын ақпараттардың көлемі жыл сайын 40% өсіп отырады», - дейді Сәкен Сәрсенов. Мысалы, 2012 жылы әлемде 2,43 зеттабайт ақпарат құрастырылған, бұл 2010 жылға қарағанда екі есе көп (1 зеттабайт 1 миллиард гигабайтқа тең).
Мамандардың бағалауынша, «үлкен мәліметтер» технологиясын енгізу және қолдану мемлекеттік басқаруды анағұрлым тиімді етіп, халықтың қоғамдық өмірін жеңілдетеді. Мысалы, Бразилияның Витториа-да-Конкиста қаласында әр оқушының мектепке киетін киіміне BigData технологиясын қолданатын құрылғылар орнатылған. Бұл тұрпаттағы әдіс бойынша, бала мектеп табалдырығын аттаған бойда-ақ оның кім екені танылатын болады. Егер ол мектепке келмеген болса, сабаққа кіруге соғылған қоңыраудан 20 минуттан кейін баланың жоқ екендігі туралы ата-анасына хабарланады.
Көлік және коммуникация вице-министрі С. Сәрсенов ведомство өз алдына BigData жаңа технологиясын енгізу бойынша ауқымды мақсаттарды қойып отырғанын атап өте келіп, бұл Қазақстанды АКТ саласының алдыңғы қатарына шығаратынын жеткізді.