Қазақстанда алаяқтар рәсімдеген несиелер сот шешімінсіз есептен шығарылады — агенттік

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазақстандықтардың атына алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер қай жағдайда жабылатынын түсіндірді. 

Агенттік басшысы мұндай жағдайларда соттан тыс және сот тәртібімен қарызды есептен шығару рәсімдері қарастырылатынын атап өтті.

— Егер несие клиенттің рұқсатынсыз берілсе және ол биометриялық тексеруден өтпесе, онда қарызды соттан тыс тәртіпте есептен шығаруға болады. Бұл тұрғыда қылмыстық қудалау органдарына өтінім тапсыру керек. Олар несие алаяқтық жолмен берілген деп тану туралы тиісті қаулы шығарады. Осының негізінде қарызды есептен шығаруға болады, — деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда банктер жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын 1500 несие бойынша 1400 қарыз алушының берешегі есептен шығарылған. Бұл деректер азаматтардың өтініші бойынша қарызды соттан тыс есептен шығаруға қатысты.

— Мәселен, клиенттер биометриядан өткенін жиі көреміз. Дегенмен, жалған биометрия жағдайлары да кездесіп жатыр. Мұндай жағдайларда алаяқтықты сот арқылы дәлелдеу керек. Осы орайда сот тәртібінде қарызды есептен шығару негіздерін айтарлықтай кеңейттік. Егер несие толығымен клиенттің келісімінсіз берілсе, ол міндетті түрде соттың қарауынсыз есептен шығарылуы керек. Тиісті норма бар, оны іске асыру тәртібі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекітілді, — деді Мәдина Әбілқасымова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды