Қазгидромет синоптиктерінің болжамынша, 9 шілдеде мұндай ауа райы шығыс өңірлерге ауысады. Бұл аймақтарда да нөсер жаңбыр мен найзағай болжанады, алайда кейін жауын-шашын тоқтап, күн ашылады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай болады. Ал республиканың қалған аумағында жауын-шашынсыз, құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады.
— Күндіз ауа температурасы еліміздің басым бөлігінде қатты және өте қатты ыстықтың шегіне жетеді. Батыс пен оңтүстік-шығыста сынап бағаны 42 градусқа дейін көтерілсе, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде 40 градусқа дейін ысиды. Оңтүстік облыстарда аптап ыстық күшейіп, ауа температурасы 45 градусқа дейін жетеді. Шығыс өңірлерде де 38 градусқа дейін ыстық болады, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазгидромет 8 шілдеде еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялаған еді.