Оның айтуынша, Қазақстанда ғаламтор желісінің қамтылу деңгейі маңызды межеден асты.
«Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, халқының интернетпен қамтылу деңгейі 50 пайыздан асқан елде жылжымайтын мүлік нарығы автоматты түрде оффлайн жүйесінен онлайн жүйесіне белсенді түрде ауыса бастайды. Ал қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы кезінде бұл үдеріс жылдам жүретін болады. Өйткені, жылжымайтын мүлікті жарнамалау, сату, сатып алу, жалға беру жағдайы онлайн жүйесінде едәуір арзан әрі жылдам жүзеге асады. Күні бүгінге дейін жылжымайтын мүлік нарығында қызмет атқаратын қазақстандық компаниялар өздерінің маркетингтік бюджетінің 4 пайызын ғана ғаламтор желісіне бағыттап келсе, енді бұл көрсеткіш жақын болашақта 20 пайызға жетеді. Бұған елімізде ғаламтор желісінің дамуы да оң әсерін тигізіп отыр. Неге десеңіздер, Қазақстанда биыл халықты ғаламтор желісімен қамту деңгейі 55 пайызға жетті. Яғни, тұрғындардың 55 пайызы интернетті белсенді түрде пайдаланады деген сөз. Бұл өте үлкен жетістік! Демек, бір жағы дағдарысқа байланысты, екінші жарнама саласының барған сайын арзан онлайн жүйесіне ауысуына сәйкес, жылжымайтын мүлік нарығындағы сату, сатып алу үдерістері арта түседі», - деді өз сөзінде Р. Машуров.