Қазақстанда әлеуеті жоғары елді мекендерге 8 мыңға жуық еңбекке қабілетті адамдар көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек ресурстарының мобильдігін арттыру аясында 2011-2014 жылдары 16,1 мың адам көшірілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына арналған брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов мәлім етті.

«Бағдарлама аясында еңбек ресурстарының мобильдігін арттыру жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден адамдарды өз еріктерімен орташа және жоғары әлеуеті бар елді мекендерге көшіру мүмкіндігі ұсынылады. Бүгінде елімізде 6 мыңға тарта ауылдық жерлер болса, оның алты пайызға жуығы әлеуеті төмен ауылдар санатына жатқызылады. Яғни, бұл тұрғыда сумен қамтамасыз ету, білім және денсаулық сақтау ұйымдарына қолжетімділік ескеріледі. Сондықтан осы жерлерде салық төлеушінің қаржысына ауруханалар мен мектептер салу тиімсіз болғандықтан, тұрғындарды жұмыс орындары бар жерлерге көшірген дұрыс болады»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, еңбек ресурстарының мобильдігін арттыру аясында 2011-2014 жылдары 16,1 мың адам көшірілді, оның ішінде 2014 жылы 3456 адам қоныс аударды. Жалпы көшірілген азаматтардың 7,8 мыңы еңбекке қабілетті жандар.