Қазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бағытталған жарналар бойынша жыл сайын есеп жарияланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жіберілген барша сақтандыру жарнасына қатысты мәліметтер жария әрі ашық болады.

Бұл туралы бүгін 29 қазанда ҚР Парламенті қабылдаған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының нормаларын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой хабарлады.

«Барлық активтерді ҚР Ұлттық банкі қадағалайды, сәйкесінше, біздің құзырлы органдар да толықтай мониторингті жүргізеді. Атап айтқанда, қорда жиналатын қаржының медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды деп білеміз, яғни бұл мақсатты ақшалар емделген әрбір азаматқа тікелей бағытталады»,-деді министрдің орынбасары.

Ол осы бағыттағы іс-қимылдардың барлығы ашық болатынын айта келе: «Жыл сайын бұқаралық есеп жасау жоспарлануда. Сақтандыру жарнасын төлеген әрбір азамат желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық көре алады. Бұл тұрғыдағы шаралар жария болады»,-деді А. Цой.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі кірістің 2%-ын құрайтын болады, аударым 2019 жылы 1%, 2020 жылдан бастап 2% болады. Бұл жарналар сомасы жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

«Аталған жарналар жұмыс берушілер үшін корпоративті табыс салығын есептеу кезіндегі, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығын есептеу уақытындағы шегерімге жатқызылатынын атап өткім келеді. Яғни, 2017 жылы жұмыс берушілерге түсетін іс жүзіндегі салмақ 1,6%, 2018 жылы - 2,4%, 2019 жылы - 3,2%, 2020 жылы - 4% құрайтын болады», - деп түсіндірді Алексей Цой.

Айта кетейік, Міндетті ай сайынғы жарналар мен ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметтерді төлеу комитетінің базасында медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық формасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады. Қордың құрылтайы әрі жалғыз акционері ҚР Үкіметі болмақ.