Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
ӘКК-лерді толыққанды өңірлік даму институттарына айналдыру Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.
ӘКК қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды салалық министрліктер, өңір әкімдіктері және корпорациялардың өздері ұсынды.
Ұлттық экономика министрлігі ӘКК қызметінің 7 негізгі функциясын айқындады. Осы функциялар аясында ӘКК өңірлік жобалардың бес жылдық портфельдерін қалыптастырып, әрбір жоба бойынша инвесторлар мен кредиторларды айқындауы тиіс. Қаржыландыру көздері ретінде екінші деңгейлі банктер мен «Бәйтерек» холдингінің даму институттары қарастырылып отыр.
Сонымен қатар ӘКК бизнес пен ұлттық даму институттары арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етеді. Олардың қатарында «Даму» қоры, ӨДҚ, Қазақстанның Даму Банкі, Аграрлық кредиттік корпорация, KazakhInvest, QazIndustry және QazTrade бар. Сондай-ақ ӘКК-лерге табыстылық және өзін-өзі ақтау қағидаттары негізінде кредит беру құқығын беру жоспарланып отыр. Мемлекеттік активтерді басқару табыс табуға бағдарлануы тиіс.
Реформа аясында тұрақтандыру қорларын ӘКК құрылымынан шығару мәселесі қарастырылуда. Бұл тиімсіз функцияларды жоюға, ашықтықты арттыруға және кредиттік рейтингтер алу мен нарықтық қаржыландыру тартуға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеу мәселелерін пысықтауды, бейінді емес активтерге түгендеу жүргізуді, сондай-ақ ӘКК үшін бірыңғай кредиттік және инвестициялық саясатты қалыптастыруға арналған нормативтік базаны әзірлеуді тапсырды.
Айта кетейік, Олжас Бектенов теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынады.