Қазақстанда алғаш рет 31-37 жас аралығындағы әскери міндеттілердің жиыны өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды гарнизонының әскери полициясы бөлімінде алғаш рет Қазақстан Республикасының әскери міндетті азаматтарымен жиын басталды. Жиын 23 қыркүйекке дейін созылады, оған 31 мен 37 жас аралығындағы 70 адам қатысады.

Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметі хабарлады.

Әскери міндеттілер жауынгерлік даярлық пен әскери іс негіздерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскери құралымдарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерінде әскери полиция органдарының қызметі мен міндеттерін регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерді зерделейді.

Жиын аяқталысымен әскери міндеттілер емтихан және сынақ тапсырады. Резерв бағдарламасын сәтті аяқтағандарға кезекті әскери атақ беріліп, грамоталар табыс етіледі.

Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығындағы әскери міндеттілер жиынының өту барысын ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасының бастығы генерал-майор Тимур Дәндібаев бақылап отырды.

Әскери жиынның негізгі мақсаты әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын өрістету үшін қажет қорда әскери-оқытылған ресурстарды дайындау және жинақтау болып табылатынын айта кетейік.