«Биыл біз алғаш рет «ақылды қойманы» іске қосатын боламыз. Аталған қоймалар «А» санатына жатады. Ондай жерде алдымен HP, Aser сияқты жоғары ақпараттық теxнологиялармен айналысатын компанияларға қызмет көрсетіледі. Солардың транзиттік жүктері сақталады», - деді «ҚТЖ» президенті Қанат Алпысбаев бүгін отандық көлік-логистика кешенін дамыту мәселелеріне арналған республикалық кеңесте.
Компания басшысының сөзіне қарағанда, өткен жылы Қазақстан арқылы тасымалданған транзиттік жүктердің көлемі 16 млн тоннаға жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 процентке артық.
«Биыл, кем дегенде, 500 мың контейнер өтеді деген жоспар бар. Әрине, аталған тасымалға «Қытай-Еуропа-Қытай» бағыты оң септігін тигізіп отыр. Былтыр осы маршрутпен 200 мыңнан астам контейнер тасымалданды», - деп атап көрсетті Қ.Алпысбаев.
Айта кетейік, бүгінгі кеңес кезінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин контейнерлік транзитті өзге елдерде ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударды. Ал ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ауыл жолдарын жөндеуге қатысты жоспарлармен бөлісті.