Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Әйгерім Әбділдина мәлімдеді.
Халықаралық деңгейдегі дода Ұлттық теннис орталығының Beeline Arena кешенінде өтеді. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 13 маусым күні сағат 12:00–де басталады.
Жарысқа Беларусь, Қырғызстан, Қазақстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония және Жапониядан келген спортшылар қатысады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирге 400-ден астам қатысушы жиналады. Әлем мен Азияның үздік 40 командасы жүлделі орындар үшін сынға түседі. «Сеньорлар» және «Юниорлар» санаттары бойынша алты медаль жиынтығы сарапқа салынады.
— Эстетикалық топтық гимнастика — табиғи, үйлесімді және денсаулыққа қауіпсіз қозғалыстарға негізделген олимпиадалық емес бұқаралық спорт түрі. Бұл спортпен 4 жастан бастап айналысуға болады. Команда құрамында 6-дан 14-ке дейін спортшы өнер көрсетеді. Жарыстар ұзақ бағдарлама, қысқа бағдарлама және аралас бағдарламалар (қыздар мен ұлдар) бойынша өткізіледі, — деді Астана эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Әйгерім Әбділдина.
Бүгінде эстетикалық топтық гимнастика еліміздің 15 өңірінде қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрімен 3 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде айналысады. Ұлттық құрама сапында 137 гимнаст өнер көрсетеді.
— Осы уақытқа дейін елімізде эстетикалық топтық гимнастика бойынша 211 халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 409 ҚР спорт шебері даярланды. Бүгінде бұл салада 98 жаттықтырушы мен хореограф еңбек етеді. 2026 жылы Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің аккредитациясынан өтіп, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми мойындауына ие болды, — деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан федерациясы 2018 жылғы 24 сәуірден бастап Халықаралық эстетикалық топтық гимнастика федерациясының (IFAGG) толыққанды мүшесі саналады.
Мұнан бөлек брифинг барысында Әлем кубогы мен Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын қазақстандық командалар да таныстырылды.
Сеньорлар:
Alan (Астана), LiEl (Алматы), Asyl Tas (Шымкент), Estel (Атырау), Fiesta (Шымкент).
Юниорлар:
Samruk (Астана), Kerbez (Алматы), Izumrud-Korkem (Астана), Sunrise (Алматы), Alem (Шымкент), Space (Өскемен).
Аралас командалар:
Libertad, Kerbez Mix, Aeria және Diamonds (Алматы).
Еске сала кетейік, көркем гимнастикадан да Қазақстан құрамасының өкілдері Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.