Қазақстанда алғаш рет гик фестивалі өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада киноиндустрия, комикс, киберспорт, анимация мәдениеттеріне арналған «Geek Con Astana 2018» фестивалі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған мәдени фестиваль негізінен АҚШ (ComicCon), Ресей (ComicCon Russia, Игромир) және басқа да шет елдерде жыл сайын өткізіледі және халық арасында кеңінен танылған. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылуда.

Гик мәдениетіне арналған шараға Marvel Comics, DC comics, Гарри Поттер, Жұлдызды соғыстар, (Звездные Войны), Dota-2 секілді әлемге танымал франшизалардың 2 мыңнан аса жанкүйерлері жиналды.

   «Бізде енді қолға алынғанымен шетелдерде бұндай шара тұрақты өтеді және аудиториясы кең. Мысалы, АҚШ-та гик фестиваль апталап өтеді және Голливуд фильмдеріндегі кейіпкерлерді сомдаған танымал актерлер шақырылады. Шараның басты идеясы мен мақсаты әлемде тұтас бір жанр болып табылатын киноиндустрия, комикс, киберспорт, анимация мәдениетін Қазақстандада дамыту. Себебі бұл өнер және біздің жастардың қызығушылығы өте жоғары. Біз болашақта өзіміздің отандық гик мәдениеті өкілдерін қалыптастырғымыз келеді», - деді «Geek Con Astana 2018» фестивалінің ұйымдастырушысы Әділхан Сапарғалиев.

«Geek Con Astana 2018» фестивалінде көрермендер екі күн бойы ойын-сауық бағдарламалары, комикс, анимация құрастырушылардың шеберлік сабақтары, 100-ден аса косплей қатысушылар, квест ойындары, музыкалық топтар мен сиқыршылардың бағдарламалары, VR, Playstation, xBox, Dendi, Sega ойын-сауықтарына қатысып, көре алады.

Сонымен қатар шараға гик мәдениеті тақырыбына жазатын отандық кітап және анимация авторлары, компьютер және үстел ойынын құрастырушылар қатысуда.  

Айта кетейік, гик мәдениеті дегеніміз - заманауи зияткерлік сауық құрумен қызығатын адамдарды біріктіретін субмәдениет. Гик мәдениетімен    айналысатындар немесе қолдайтындар қатарына компьютер және үстел ойындарымен әуестенетіндер, одан басқа фантастика мен фэнтези жанрлары кейіпкерлерін ойлап табушы, құрастырушы мамандар жатады.