Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова мәлім етті. Еске салайық, брифинг барысында техникалық және кәсіби дуалдық оқыту мәселелері талқыланған болатын.
«Әлемдік деңгейдегі колледждердің білім беру жүйесіне сәйкес, білім үдерісінде жұмыс берушілер басым рөл атқарады. Мәселен, жұмыс берушімен студенттердің теориялық білім алғаны, ондай білім шеберлік зертханаларда шыңдалғаны расталады. Бұдан кейін, студенттер сол жұмыс берушілерге өндірістік тәжірибеден өтуге жолданады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер колледждің оқыту бағдарламасы өздерінің сұраныстарын толық қанағаттандыратынын да растайды. Ең ақыры студент оқуын бітіретін кезде, олардың үлгеріміне қатысты қорытынды бағаны біздің колледждер шығармайды, мұнымен жұмыс беруші айналысады. Бұл Қазақстанда алғаш рет қолданылатын тәжірибе», - деді «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, колледжді бітіретін студенттерге сертификаттар, біліктілік беру мәселесінің бәрі жұмыс берушілерге жүктеледі. Бұл үшін тәуелсіз бағалау және біліктілік беру орталықтары арнайы қауымдастықтарды құрып жатыр.
«Ал жұмыс берушілер біліктілік пен сертификаттар бергеннен кейін ғана, біздің колледждер түлектерге дипломды табыс ететін болады. Оқытудың осындай траекториясы, білімді осы жолмен бағалау алдымен біздің 10 әріптес-колледждерімізде, сосын басқа да барлық техникалық және кәсіби білім беретін жүйеге тұтастай енетін болады», - дейді Э. Сәдуақасова.