Қазақстанда алғаш рет өтетін Ұлттық Урбан Форум: қала болашағы өңірлерден басталады

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА.KAZINFORM — 8 шілдеде алғаш рет Қызылорда қаласында Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы өтеді. Форум өңірлік қалалардың орнықты дамуы мен инклюзивті урбанизацияны дамытуға арналған ұлттық деңгейдегі басты алаң болмақшы. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімдігі мәлім етті.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері қатысады.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Форумның мақсаты: 

· Жаңа Қалалық Күн тәртібі (New Urban Agenda) мен Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сай инклюзивті және теңгерімді урбанизацияны ілгерілету;

· Қызылорда секілді өңірлік қалалардың ұлттық дамудағы стратегиялық рөлін арттыру, қалалық болмысты және аумақтық бағдарланған көзқарасты қалыптастыру;

· Тұрақты урбанизацияның негізі ретінде тұрғын үй, инфрақұрылым және климатқа бейімділікті айқындау;

· Әділетті әрі концептуальды қалалық қайта құрылымдауды қамтамасыз етудегі өңірлік қалалардың рөлі жөніндегі ұлттық диалогты бастау;

· Жаһандық урбанистік күн тәртібін жергілікті деңгейде жүзеге асыру бойынша үздік тәжірибе алмасу, серіктестік орнату;

· Ақпараттық, инклюзивті және бейімді жоспарлау үшін қалалық деректерді жинау, цифрландыру және оларды стратегиялық тұрғыда тиімді пайдалану.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, форумға қатысушылар «Өңірлерден бастау алатын кешенді қалалық жаңғыру: Қазақстанда теңгерімді, инклюзивті және климатқа төзімді қалалар қалыптастыру» атты басты тақырып аясында өңірлік орталықтардың ұлттық урбанистикалық күн тәртібін жүзеге асырудағы рөлін, климаттық тәуекелдерге тұрақтылығы мен цифрлық жоспарлау құралдарын талқыға салады.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Форум аясында сондай-ақ төмендегі тақырыптық бағыттар да қозғалады:

· Жаңа қалалық күн тәртібі мен Қазақстанның Ұлттық урбанистік бағдары;

· Шағын қалалар – теңгерімді дамудың катализаторы;

· ТДМ-ды жергіліктендіру және Қазақстанның урбанистік бағытын жүзеге асыру;

· Климатқа бейімделу және қуаңшылық жағдайындағы қалаларда экологиялық тұрақтылықты қалыптастыру;

· Мәдени мұра мен қалалық болмыс – дамудың қозғаушы күші;

· Жастар, қауымдастықтар және басқаруға қатысу;

· Қала экономикасы және жұмыспен қамту: тұрғын үй, еңбек және мобильділік байланысы;

· Қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайту, аумақтық жоспарлау;

· Қаладағы жаңғыру бағдарларын серіктестіктер арқылы қаржыландыру;

· Қалаларды деректерге негіздей цифрландыру және жоспарлау.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Форум аясында мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар, бизнес пен азаматтық сектор өкілдері бас қосады. Ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, сондай-ақ UN-Habitat атқарушы директорының орынбасары (а.д.) және Ғаламдық шешімдер бөлімінің директоры Рафаэль Тутс, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов қатысады деп күтіледі. 

Пленарлық және тақырыптық сессияларда министрліктер мен әкімдіктер басшылары, UN-Habitat, БҰҰ ДБ өкілдері, халықаралық сарапшылар, архитекторлар, урбанистер, зерттеушілер және технологиялық компаниялар қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөліседі.

Халықаралық форум қонақтары: Гарри Доббс – архитектор, урбанист (Harry Dobbs Design / The WellGroup негізін қалаушы); Риккардо Марини – Marini Urbanismo негізін қалаушы; Джон Марк Клэнси – The Big Picture негізін қалаушы, иесі және директоры; Юрий Милевский – NOVAYA Labs, Urban Data Driven Solutions for Governments теңқұрылтайшысы, зерттеу жетекшісі және басқа да сарапшылар.

Форум жоспарланған бастамалардың таныстырылымымен қорытындыланады, сол арқылы өңірлердегі қалалардың тұрақты дамуы мәселелері жөніндегі конструктивті диалогтың негізі қаланады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордадағы «Көкарал» бөгетінің жұмысы қашан қалпына келтірілетінін жазған едік.