НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір айдан кейін Қазақстанда Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) ірі жарысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, 26 қыркүйек – 2 қазан аралығында Нұр-Сұлтандағы Ұлттық теннис орталығында қатысушылар турнирдің бас жүлдесі мен 250 рейтинг ұпай үшін таласады.
Аталмыш дода әлемнің 70-тен астам елінде көрсетіледі.
Astana Open WTA 250 турнирінің директоры Питер Джонстонның сөзіне қарағанда, екі апта бойы теннис жұлдыздары елордада бақ сынайды. Алдымен ерлер арасында ATP 250 турнирі өтеді. Содан кейін бірден әйелдердің WTA 250 жарысы басталады.
Бұған Қазақстан ұлттық құрамасының барлық көшбасшы теннисшілері қатысады. Сонымен қатар аталмыш екі жарыстың алдында өтетін ел чемпионатында жеңімпаз атанғандар негізгі турнирге, финалистер іріктеу сайыстарына жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open ATP 250 жарысына кімдердің қатысатыны белгілі болғанын, Михаил Кукушкин US Open жарысының іріктеу сайысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).