Аталған ведомствоның ақпаратына қарағанда, республика бойынша алғаш рет өткізілгелі отырған «Мамандықтар жәрмеңкесі» 14 облыстың орталықтарын қамтитын болады. Оған ірі компаниялардың, кіші және орта бизнестің, оқу орындарының өкілдері мен білім алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқысы келетін қазақстандық жұмыссыздар қатыспақ.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі - жұмыс берушілер мамандарды дайындау үшін өздері қалаған оқу орнын таңдап, ондағы болашақ қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатуында. Мәселен, компанияға слесарь немесе IT-маманы қажет делік. Мұндай жағдайда, компания өкілі өзіне лайықты кандидатурамен танысып, болашақтағы қызметкері білім алатын оқу орнына таңдау жасайды. Сондай-ақ, жұмыс беруші мен қызметкер арасында келешекте одан әрі жұмыс істейтіндігін растайтын әлеуметтік шарт жасалынады. Осылайша, мамандықтарға арналған жәрмеңкенің арқасында, кәсіптік дайындау - жұмыс берушінің талабына сай жүзеге асырылатын болады.
«Мамандықтар жәрмеңкесі» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа жоба «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Сонымен бірге, барлық аймақтарда онлайн-режімінде жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген қатысушылардың тізімі жасақталатын болады. Іс-шаралар жергілікті және республикалық деңгейдегі БАҚ-та жарияланады.
Жәрмеңке қорытындысы 21 маусым күні Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша өтетін жалпы республикалық форумда белгілі болады.