Атырауда бес айда 175,6 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында бес ай ішінде жүргізілген аудит қорытындысы бюджет қаражатын пайдалану мен мемлекеттік сатып алу саласында 175,6 млрд теңгеден астам бұзушылықтың барын көрсетті.

Фото: Kazinform

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, қаржылық бұзушылықтардың көлемі 82 млрд теңгеден асты. Ал рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар сомасы 93 млрд 574 млн теңгеге жеткен.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу саласында камералдық бақылау жүргізіліп, 9316 рәсім қамтылған. Нәтижесінде 1092 мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы сомасы 22 млрд 571 млн теңгенің бұзушылығы анықталды. Аталған фактілер бойынша жауапты тараптарға 1092 хабарлама жолданып, олардың барлығы толық көлемде орындалған.

Есепті кезеңде департамент тарапынан 327 лауазымды және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Жалпы сомасы 25,8 млн теңге айыппұл салынып, оның 23,8 млн теңгесі мемлекет бюджетіне өндірілген.

Бұған дейін Алматы облысының ауданында 1,5 млрд бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғанын жазған едік.