Қазақстанда алғашқы мемлекеттік жеке ортездер өндірісі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы үш жыл ішінде 3 мыңға жуық азамат заманауи ортездермен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Сала басшысы Асқарбек Ертаев Алматы қаласында еліміздегі алғашқы мемлекеттік ортездерді модельдеу және өндіру зертханасының жобасымен танысты.

Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси министрге зертхана жобасын таныстырды.

Зертхананы іске қосу 2026 жылғы 1 қазанға жоспарланған. Зертхана заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жеке ортездерді дайындаудың толық циклін қамтамасыз етеді.

Ортез — дененің белгілі бір бөлігін (қол, аяқ, тізе, омыртқа, мойын, т. б.) бекітуге, қолдауға немесе дұрыс қалыпта ұстауға арналған медициналық құрал.

Қазіргі таңда мұндай ортездерді негізінен жекеменшік компаниялар өндіреді, сондықтан олардың бағасы көп азаматтар үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. Мемлекеттік зертхананың ашылуы азаматтарды жоғары технологиялық ортездермен мемлекет есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоспар бойынша:

2026 жылдың соңына дейін — 500 ортез;
2027 жылы — 1 000 ортез;
2028 жылы — 1 500 ортез дайындалады.

Осылайша, үш жыл ішінде 3 мыңға жуық азамат заманауи ортездермен қамтамасыз етіледі.

— Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы заманауи оңалту технологияларын енгізетін жетекші ғылыми-практикалық алаңға айналуы тиіс. Ортездерді модельдеу және өндіру зертханасын уақытылы іске қосып, оңалту үдерістерін одан әрі цифрландыруды, сондай-ақ кохлеарлық имплантациядан кейін балалардың есту-сөйлеу оңалту жүйесін дамытуды жалғастыру маңызды, — деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Бұдан бұрын елордада медициналық бұйымдарды техникалық сараптамадан өткізетін зертхана салынатынын жазғанбыз.