Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы жанынан құрылған жұмыс тобының алғашқы мәжілісінде айтылды.
"Қазақстандағы ешбір жоғары және арнаулы оқу орындарында риэлтерлер әзірленбейді. Қазақстан риэлтерлер қауымдастығының риэлтерлер мектебінде ғана бастауыш және кәсіби білім жетілдіру курстары бар. Бұл мектептің жұмыс істеп жатқанына 6-7 жылдың жүзі болып қалды. Өз курстарымызды жасауға американ риэлтерлер қауымдастығы көмектесті", - дейді Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығының вице-президенті Гүлшара Дүйсембаева. Оның айтуынша, бастапқы кезде бір апталық болған бұл курстар қазіргі кезде мерзімдік, мазмұндық жағынан байытылып, түрі де көбейді. Сондықтан бастапқы кезде мамандарды оқыту мен сертификаттау жағына көбірек мән беріп келген қауымдастық енді компанияларды да сертификаттау мәселесін көтеріп отыр. Алдағы уақытта бұл мәселемен арнайы құрылған комитет жан-жақты айналыспақ. Жалпы қазіргі таңда өзге елдерде риэлтерлер оқу орындарында арнайы дайындалуда.