Қазақстанда алименттік қор құрылмайды - Әділет вице-министрі

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Елімізде алименттік қор құрылмайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов мәлім етті.

Еске салсақ, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылаған болатын.

«Бұл проблема барлық мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып зерделенді. Ол бойынша алименттік қор бюджеттен белгілі бір шығындарды талап ететіні айқындалды. Қаржы органдары тарапынан ондай қордың тиісті бюджетсіз талапқа сай қызмет ету мүмкіндігіне ие емес екендігі айтылған болатын. Сондықтан да алимент төлеуден жалтаратындарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейеді», - деді вице-министр депутаттардың сауалына жауап бере келе.

Оның айтуынша, бұдан бөлек алимент төлеуден жалтаратындар үшін мемлекет көрсететін қызметтер шектелуі де мүмкін. «Әрине, ондай шектеулер олардың құқы мен бостандығына қатысты емес», - деді Д. Құсдәулетов.