Қазақстанда аллергиясы бар науқастар көбейді

Фото: Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың 40 пайызы осы дертке шалдыққан. Жалпы, соңғы жылдары аллергиясы барлар саны әлем елдерінде күрт өскен. Бұл туралы Астанада өткен «Аллергология мен иммунологиядағы сала аралық мәселелер» III ғылыми-практикалық конференциясында айтылды.

Жиын барысында ақ халаттылар аллергиялық аурулардың алдын алуға болатын жаңа тетіктерді талқылады. Конференцияға Қазақстаннан бөлек Испания, Түркия, Украина, Германия, Үндістан мен Ресей Федерациясынан аллерголог-иммунолог мамандар жиналды.

- Ең өзекті мәселе – осы аллергиялық және иммундық системаға байланысты аурулардың жылдан жылға көбейіп келе жатқаны. 2000 жылдардың басында 5 пайыз болатын болса, қазір аллергияға шалдыққандар саны 40 пайызға дейін өсті. Бірақ та тіркелмегендері де бар. Көп науқас мамандарға, аллерголог-иммунологтерге келе алмай, басқа мамандарда жүреді, - дейді ҚР Президенті іс басқармасы ауруханасының бас аллерголог-иммунологі Ғалия Түсіпбекова.

Қазақстанда аллерголог маман тапшы. Салада ел бойынша небәрі 200-ге жуық маман қызмет етіп жүр. Оның 60-қа жуығы мемлекеттік емханаларда жұмыс істейді. Ал, бас қалада дәрігер саны 25-ке де жетпейді. Айта кетейік, шетелдік мамандар Қазақстандық аллергологтердің әлеуетін жоғары бағалайды.

- Қазақстанда білікті дәрігерлер саны аз болғанымен, емдеу сапсы жоғары. Менің ойымша, әлемнің барлық елдері аллергиямен біркелкі күреседі. Емдеу тәсілдері де бірдей. Иә, арасында дәрігерлердің жекеменшік жоспарлары жағынан айырмашылық болуы мүмкін. Бірақ, осындай конференциялар арқылы біз пікір алмасып, ой бөлісіп тұрамыз. Түрлі шеберлік сабақтарын өткізу осы салада еңбек етіп жүргендердің біліктілігін арттыруға ықпал етеді, - дейді аллерголог-иммунолог Дарья Фомина (Ресей).

Фото: ҚР ПІБ ауруханасының баспасөз қызметі

Айта кетейік, «Аллергология мен иммунологиядағы сала аралық мәселелер» III ғылыми-практикалық конференциясы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолғы келесі кездесу екі күнге жалғасады.

Конференцияда симпозиумдар ұйымдастырылып, шетелдік және қазақстандық мамандар аллергология мен иммунологиядағы ең өзекті мәселелер бойынша пікірталас өткізді.

Дәрілік аллергияны диагностикалау мен емдеудегі жетістіктер, иммундық жүйенің туа біткен ақаулары тақырыбында шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.